Павлодарда бір ай ішінде екінші үшем дүниеге келді

Павлодарда бір ай ішінде екінші үшем дүниеге келді
Фото: ұйымдастырушыдан

Павлодар облыстық перинаталдық орталығында бір ай ішінде екінші үшем дүниеге келді. Сәбилердің барлығының денсаулығы жақсы, анасының жағдайы да тұрақты.

Перинаталдық орталық директоры Гүлнар Буратаеваның айтуынша, үшемнің дүниеге келуі – салыстырмалы түрде сирек кездесетін жағдай. Орталықта жыл сайын шамамен 80 егіз дүниеге келсе, үшемдер барлық босанудың небәрі 2-3 пайызын құрайды.

Бұл жолы 34 жастағы Елдана Дүйсенова үш баланы дүниеге әкелді. Нәрестелерге Елнара, Елнияр және Елдияр деген есімдер берілді. Осылайша, отбасыдағы балалардың саны жетіге жетті. Бұған дейін ерлі-зайыптылардың төрт баласы болған.

Елдана Дүйсенова Павлодар ауданының Кемеңгер балалар өнер мектебінде директордың міндетін атқарушы болып жұмыс істейді. Көпбалалы ана үшін үшемдердің дүниеге келуі үлкен қуанышқа айналды. Ол перинаталдық орталық қызметкерлеріне көрсеткен қолдауы, жанашырлығы және сапалы медициналық көмегі үшін алғысын білдірді.

Балалардың әкесі Ермек Түсіпбеков үшін де бұл – отбасы өміріндегі айтулы қуаныш. Ол үшемдердің дені сау болып өсіп, болашақта елге қызмет ететін, Қазақстанның лайықты азаматтары болғанын тілейтінін айтты.

Жас ата-ананы перинаталдық орталық директоры Гүлнар Буратаева құттықтады. Сондай-ақ Павлодар ауданының әкімі Дидар Ыбыраев отбасыға арнайы барып, үшемдерге арнап балалар арбасын сыйға тартты. Аудан әкімі облыс әкімі атынан да ыстық ықыласын жеткізіп, көпбалалы отбасылардың аудан және облыс басшылығының тұрақты қолдауында болатынын атап өтті. Сәбилерге зор денсаулық пен бақыт тіледі.

Үшемдерді перинаталдық орталықтан шығарып салуға олардың туыстары мен жақындары, сондай-ақ медицина қызметкерлері қатысты. Анасы мен үш нәрестенің де жағдайы жақсы.