Павлодарда Бірлік күні кең ауқымда аталып өтті

Павлодарда Бірлік күні кең ауқымда аталып өтті
фото: Есенжол Исабек

Алаңда мыңдаған тұрғын бас қосты, деп хабарлaйды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Естай атындағы мәдениет сарайы маңында ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Мерекеге қаланың барлық мәдени ошақтары қатысты.

– Бүгін барлық мәдени ұйымдар қатысып жатыр. Концертке арнайы «Made in KZ»  тобын шақырдық, олар қала тұрғындары мен қонақтарын қуантады, – деді Естай атындағы мәдениет сарайының басшысы Сапар Шайкенов.

Абай мұрасына арналған кітап көрмесі де келушілер назарын аударды. Көрмеде ақынның қара сөздері мен түрлі жылдары жарық көрген сирек басылымдар ұсынылды.

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхана өкілі Бақытжан Мұқашеваның айтуынша, шарада ақын мұрасының сирек басылымдары ұсынылды.

– Көрмеге шамамен 35 кітап қойылды. Оның ішінде ақынның түрлі тілдерге аударылған туындылары бар. Сирек қордағы 1936 және 1939 жылдары шыққан жинақтарды да ұсындық. Жастар бүгін қара сөздерді тоғыз тілде оқып жатыр, – деді ол.

Сонымен қатар «Ұлттар мәдениеті – ортақ қазына» атты көрме ұйымдастырылып, түрлі этностардың ұлттық киімдері мен мәдени мұралары таныстырылды.

Г.Н. Потанин атындағы өлкетану музейінің қызметкері Жеңісбек Татырлының айтуынша, басты мақсат – көптеген этностардың мәдени мұрасын қамту.

– Бұл көрме – еліміздегі бірлік пен достықтың символы. Әр ұлт өз дәстүрін сақтап, оны келесі ұрпаққа жеткізіп келеді. Бүгін соның бәрін бір алаңда көрсеттік, – деді қызметкер.

Павлодар облысындағы «Беларусь» мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Любовь Богнат мереке туралы өз әсерімен бөлісті.

– Биыл мәдениет сарайы алдындағы алаңда бірнеше қызықты алаңдар ұйымдастырылды. Бір киіз үйде Чехов театрының әртістері Күміс ғасыр ақындарының өлеңдерін оқыса, екіншісінде Аймауытов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері махаббат туралы әндер орындады. Сондай-ақ Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сирек кітаптар көрмесі ұсынылды. Мұнда Қ. Даржұман атындағы жаңғыру мектебінің оқушылары Абайдың қарасөздерін өз ана тілдерінде оқыды. Түрлі этнос өкілдері Қазақстанда татулық пен келісімде өмір сүріп жатыр, бұл бәріміз үшін өте маңызды, – деді ол.

Мерекелік алаңда заманауи технологиялар да ұсынылды. Балалар техникалық мектебі «Ақылды қала» тақырыбында макеттер көрмесін таныстырды. Балалар техникалық мектебінің педагогі Олег Зозуля көрмедегі технологиялық жобалар туралы айтты.

– Біз «ақылды үй», «ақылды агроферма», «ақылды технопарк» жобаларын көрсеттік. Бұл макеттер оқушылардың инновациялық ойлауын дамытуға бағытталған, – деді тәлімгер.

Сонымен қатар ерекше танымал болған алаңдардың бірі – бейбітшілікке арналған тілектер жазу бұрышы болды. Қала тұрғындары «аспанымыз ашық болсын», «жеріміз гүлдене берсін», «бейбітшілік, еңбек, мамыр» сияқты тілектерін қалдырып, барлығының басты ойы – елдегі тыныштық пен келісім екенін жеткізді.

Осылайша Павлодарда өткен Бірлік күні мәдениет, білім және технологияны ұштастырған мазмұнды мерекеге айналды.