Павлодарда бірнеше пәтерді тонады деген күдікпен астаналық тұрғын ұсталды

Павлодарда бірнеше пәтерді тонады деген күдікпен астаналық тұрғын ұсталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Күдікті бұрын бірнеше рет сотталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының полицейлері бірнеше пәтер ұрлығына қатысы бар деген күдікпен 36 жастағы ер адамды ұстады. Тергеу мәліметінше, ол тұрғын үйлерге кілтті іріктеу арқылы заңсыз кіріп, зергерлік бұйымдар мен ақшалай қаражатты қолды еткен.

Павлодар облысы полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны қолға түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, шілде айында Павлодар қаласында ол пәтерлердің біріне заңсыз кіріп, жалпы құны шамамен алты миллион теңгені құрайтын мүлікті ұрлаған.

Тергеу барысында күдіктінің осындай тәсілмен жасалған кемінде үш пәтер ұрлығына қатысы бары анықталды. Барлық жағдайда ол кілтті іріктеу арқылы тұрғын үйге кіріп, алтын бұйымдар, ақша және басқа да бағалы заттарды алып кеткен. Кейін ұрланған заттарды ломбардтарға өткізіп, түскен қаражатты жеке қажетіне жұмсаған.

Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Олжас Теміровтің айтуынша, ұсталған азамат – Астана қаласының 36 жастағы тұрғыны, бұрын бірнеше рет сотталған.

– Жеке тінту барысында күдіктінің жанынан ақшалай қаражаттың бір бөлігі тәркіленді. Сондай-ақ Семей қаласындағы ломбардтардың бірінен алтын бұйымдар табылып, тәркіленді. Ұрлық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның облыс аумағында жасалған осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы тексерілуде, – деді Олжас Теміров.

Полиция тұрғындарды пәтер ұрлығының алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Мамандар үйді ұзақ уақыт қараусыз қалдырмауға, сапалы құлыптар орнатуға, бейнебақылау және күзет дабылы жүйелерін пайдалануға кеңес береді. Сондай-ақ үйден шығар алдында есік пен терезелердің мұқият жабылғанына көз жеткізіп, бағалы заттарды қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.