Павлодарда балалар қалпағы мен ойыншық тапанша талапқа сай болмай шықты
Зертханалық сараптама нәтижесінде стирол мөлшері рұқсат етілген нормадан асып кеткені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Балаларға арналған тауарларды тексеру кезінде санитариялық дәрігерлер заң бұзушылықтарды анықтады.
Павлодар облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, қауіпті өнімнің жалпы партиясының салмағы шамамен 20 келіні құраған.
– Зертханалық тексеріс нәтижесінде пластик ойыншық тапаншадан стиролдың рұқсат етілген мөлшерден асып кеткені анықталды. Осыдан кейін сатылымда қалған өнімді айналымнан алып тастау туралы шешім қабылданды. Кейін сатушы тауардың жойылғанын растайтын құжаттарды ұсынды, – деді Гүлнар Ақылбекова.
Ойыншықтардан бөлек, мамандар балалар киімдерінің сапасын да тексерді. Павлодар қаласындағы сауда орындарының бірінен сатып алынған қалпақ пен гетрлер зертханалық сараптамадан өтті. Тексеру нәтижесінде бұл бұйымдардың матасы ылғалды өте нашар сіңіретіні, көрсеткіштің белгіленген нормадан бірнеше есе төмен екені анықталды.
– Балалар киімі үшін матаның ылғалды жақсы сіңіруі өте маңызды. Бұл баланың өзін жайлы сезінуіне әсер етеді. Алайда, аталған өнімдерде таңбалау болмағандықтан, олардың өндірушісін анықтау мүмкін болмады, – деп түсіндірді Гүлнар Ақылбекова.
Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін барлық өнім мемлекеттік тізілімге енгізіледі. Қажет болған жағдайда бұл ақпарат жауапты мемлекеттік органдарға жолданып, өнімді жеткізушілер мен өндірушілерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жүргізілген бақылау сатып алулары кезінде азық-түлік өнімдерінен де заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, Екібастұздағы дүкендердің бірінде «сиыр етінен жасалған» деп сатылған Беларусь сервелатының құрамынан зертханалық сараптама нәтижесінде шошқа ДНҚ-сы табылған.