Павлодарда бес трамвай шыбын-шіркеймен қарсы күреске шығады

Павлодарда бес трамвай шыбын-шіркеймен қарсы күреске шығады
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қоғамдық көліктің бір түрі түнгі уақытта дезинсекциялық шараларға тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы қала әкімі Хасар Хабылбеков өзінің Instagram парақшасында мәлім етті. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша дезинсекциялық шараларды сапалы өткізу үшін бүгінде Павлодардағы су қоймаларын өңдейтін жұмыс топтарының саны айтарлықтай ұлғайтылды.

Қалалық трамвай басқармасы масаға қарсы науқанға жұмылдырылды. Олар биологиялық препараттарды шашатын қондырғылармен жабдықталған бес трамвай бөлді. Трамвайлар түнде жұмысқа тартылады,– деді Хасар Хабылбеков.

Сәуір айының басынан бері тұрғындар мен қызмет көрсететін ұйымдардың өтініштері негізінде 100 тұрғын үйдің жертөлелерінде дезинсекциялық жұмыстар жүргізілді.

25 сәуірден бастап қаладағы су айдындарына күн сайын дезинсекциялық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні олардың 90 пайызы өңделіп бітті. «Зеленая роща» демалыс аймағы мен оңтүстік су тарту сорғы станциясының аумағында әзірге биологиялық өнімді шашуды қажет ететін фенологиялық көрсеткіштер жоқ. Бұл су қоймаларында шыбын-шіркейге қарсы жұмыс шамамен 12 мамырда басталады.

Жауапты мемлекеттік органдарға дезинсекция мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырдым. Облыс басшысы барлық әкімдерге қансорғыш жәндіктермен күресу үшін жеке жауапкершілік жүктелетінін ескерткен болатын,– деп атап өтті қала әкімі.

Жалпы шыбын-шіркеймен күрес әкімдіктің ерекше бақылауында.