Павлодарда биыл мыңнан астам ағаш кесу өтінімі орындалды
Санитарлық кесу ақпаннан қараша айына дейін, ауа райының қолайлылығына байланысты жүргізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мақсат – ағаштардың саулығын сақтау, қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл аймақтардың көркін келтіру. Бұл ретте кепкен, ауру немесе зақымданған бұтақтар, сондай-ақ ғимараттарға немесе жаяу жүргіншілерге қауіп төндіретін тармақтар кесіледі.
– Қазіргі таңда қалада бес бригада жұмыс істейді, олардың әрқайсысы күніне бес ауланы қамтиды. Кесу аяқталған соң барлық бұтақтар мен қалдықтар шығарылып, аумақ тазаланады, – деді қалалық әкімдікте.
Санитарлық кесуге өтінім бергісі келетін тұрғындар Кривенко көшесі, 25 мекенжайындағы 516-кабинетке жүгінуіне, «eOtinish» порталы немесе 109 нөмірі арқылы хабарласуына, сондай-ақ Павлодар қаласы әкімдігінің ресми Instagram парақшасына жазуына болады.