Май ауданының оқушылары Ертіс өңірінің тарихи жерлерін аралады
Ауданда «Май Жібек жолы» бірегей жобасы жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңіріміздің тарихи жерлерін таныстыратын тың жоба аясында ұйымдастырылған «Ақшиман-Торайғыр» бағытындағы үш күндік жазғы демалысқа 100-ге жуық аудан оқушысы қатысты. Жас өрендер өңіріміздің тарихымен танысып, сұлу табиғат аясында демалуда. Май ауданында «Қалмақ қырылған» тауының бөктеріне саяхаттады, Мақат қажы, Ақбалық Хәзірет, Қайса ата кесенелеріне барып, қасиетті тұлғалар туралы мағлұматтар алды.
– «Май Жібек жолы» жобасының негізгі мақсаты – оқушыларды ауданымыздағы және өңіріміздегі тарихи, киелі жерлермен таныстыру, – дейді Май ауданы білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаев.
Саяхаттың екінші жартысында Баянауыл ауданының Торайғыр ауылына жол түсті. Онда ауылдың әсем табиғатын тамашалап, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың кесенесі мен мұражайына барды. Жергілікті халық арасында «Сәкен шыңы» деп аталып кеткен тау жоталарына тамсана қараған оқушылар Ақбеттаудың баурайындағы айнадай жарқыраған көл жағасында демалды.
Кешкісін барлық оқушылар квест ойын мен спорттық сайыстарға қатысып, алау жанында өз естеліктерімен бөлісті.
Демалыс соңында оқушылар Ақшиман ауылының сыртында тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Экологиялық десант» акциясына қатысты. Туған өлкенің тазалығын сақтауға атсалысқан барлық командаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.