Павлодарда бизнес субъектілері ұлттық нақышта безендірілмек
Осылайша, Әз-Наурыздың құрметіне кәсіпкерлер өз тұтынушылары мен қызметкерлеріне мерекелік көңіл-күй сыйламақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді.
Павлодар облысында Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған іс-шаралар бірінші наурыздан басталады. Осыған байланысты «Атамекен» өңірлік палатасы барлық бизнес субъектілеріне наурыз айының ішінде көктемнің бірінші күнінен бастап мерекенің өзіне дейін өз үй-жайлары мен кеңселерін мерекелік түрде, ұлттық нақышта безендіруге шақырады.
- Наурыз – қуаныш сыйлайтын, жаңаратын, барша халықты біріктіретін күн. Бір-бірімізге мейірім сыйлап күлейік. Әрбір кәсіпкер өз компаниясында, фирмасында жақсы атмосфера мен кеңселердің салтанатты көрінісін құруға қамқорлық жасасын. Әрбір азаматқа жарасатын әдемі ұлттық киімдерді киейік, әсіресе осы тамаша мерекеде, - деді «Атамекен» өңірлік палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Бұл шараға Ертіс-Баян өңірінің барлық кәсіпкерлері шақырылды.