Павлодарда дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылады

Павлодарда дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабы ұлғайтылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Осылайша биылғы егіс алқабы 1,7 миллион гектарды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аймақ басшысы өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізіп, биылғы көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелерін талқылады.

Асайын Байханов облыста ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту, егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру және өнімді терең өңдеуді дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

- Көктемгі дала жұмыстары - бұл болашақ өнім мен өңірдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Дайындықтың әр күні аса маңызды, сондықтан техниканың, тұқымның және тыңайтқыштардың барынша дайын болуын қамтамасыз етуіміз қажет, - деп атап өтті облыс әкімі.

Биыл жалпы егіс алқабы 43 мың гектарға ұлғайтылып, 1,7 миллион гектарды құрайды. Өсім дәнді және майлы дақылдардың егіс алқабын ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

Көктемгі дала жұмыстарына дайындықтың белсенді кезеңі сәуір айында басталады. Тұқыммен қамтамасыз ету деңгейі 100% құрайды, 2026 жылғы егіс науқанына 171 мың тонна тұқым сақталды.

Биыл 159 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдалану жоспарланған. Арзандатылған дизель отынына қажеттілік 27,3 мың тоннаны құрайды және бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы құрылымдарынан 757 өтінім келіп түсті. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы бүгінде 92% құрайды.

«Кең дала» бағдарламасы аясында өңірдің бірқатар диқандары 7,6 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 36% артық.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері алдындағы 8,7 млрд теңге көлеміндегі субсидиялар бойынша берешек толық өтелді. Қаражат тұқым шаруашылығын қолдауға, су тартуға, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтер сатып алуға, сондай-ақ басым дақылдарды өндіруге бағытталды. Бұл көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кездесуді қорытындылай келе, облыс әкімі барлық дайындық шараларын уақтылы аяқтауды, бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейтуді және көктемгі дала жұмыстарын жүргізуде олқылықтарға жол бермеуді тапсырды.