Павлодарда екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу ұсынылды

Павлодарда екі жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін салу ұсынылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодар облысының полиция департаменті қала әкімдігіне осындай ұсыныс жолдаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Полицейлер Торайғыров көшесіндегі теміржол вокзалы маңында және Назарбаев көшесінің мешіттен «Артур» сауда үйіне дейінгі бөлігінде жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған. Алайда әзірге бұл жобаларды жүзеге асыру мерзімі белгіленбеген.

Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыру мәселелері жөніндегі сауалға берген жауабында мәлімдеді.

- Жерүсті жаяу жүргіншілер өткелдерін салу мәселесі қазіргі уақытта тікелей іске асыру сатысында тұрған жоқ, — деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Айдын Нұрымов. – Мұндай нысандарды салу жөніндегі ұсыныстар бұған дейін қала әкімдігіне жолданған. Жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі көлік және жаяу жүргіншілер ағынының қарқындылығын, техникалық жағдайлар мен қаржылық мүмкіндіктерді ескере отырып қосымша қаралуы тиіс.

Сонымен қатар Есенәлиев пен Астана көшелерінің қиылысындағы жол қозғалысын ұйымдастыру мәселесі де қарастырылған. Бұл жерде қосымша бағдаршам орнату немесе жасанды жол кедергісін салу мүмкіндігі әзірге нақтыланбаған. Полиция мұндай шешім қабылдау үшін жақын маңдағы реттелетін қиылыстарға дейінгі қашықтықты, көлік қозғалысының қарқындылығын және техникалық талаптарды ескеру қажет екенін атап өтті.

Жаяу жүргіншілер өткелдерінің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша жарықтандыру мен белсенді жарықтандыру технологияларын қолдану мүмкіндігі де қарастырылуы мүмкін. Мұндай шешімдер Қытайда және Еуропаның бірқатар елдерінде пайдаланылатыны айтылған. Алайда олардың жол-көлік оқиғаларын азайтудағы нақты тиімділігі тиісті зерттеулермен расталуы тиіс.

Полиция департаменті Павлодар облысының климаттық ерекшеліктеріне де назар аударды. Жабдықтарды таңдаған кезде температураның күрт өзгеруі, қар, мұз және көктайғақ жағдайында сенімді жұмыс істеу мүмкіндігі ескерілуі қажет.

Тәртіп сақшылары жол инфрақұрылымын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өз құзыреті шегінде қарауды жалғастыратынын хабарлады.