Павлодарда ел назарын аударған батырлар сайысы өтті

Павлодарда ел назарын аударған батырлар сайысы өтті
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Байқау төрт кезең бойынша ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстың үздік жігіті атағы үшін қатысушылар Шарбақты ауданында сынға түсті. Байқауда спорттық-әскери бөлімде батырлар аударыспақтан, садақ атудан жарысып, автоматты уақытқа бөлшектеп-жинаудан бақ сынады.

Байқаудың екінші бөлімінде қатысушылар ән айтып, өнер көрсетіп, шығармашылық қабілеттерін танытты. Одан кейін зияткерлік кезең өтті. Әр қатысушы емтихан билеттерінің бірін таңдап, он сұраққа жауап берді. Әр дұрыс жауап үшін бір ұпайдан берілді.

Ең тартысты кезең – финалдық сайыс болды. Онда батырлар күш-қайраты мен төзімділігін, шеберлігін көрсетті. Олар жалаң қолмен бөренеге шеге қақты, темір арматураны майыстырды, ауыр салмаққа төтеп берді, кірпіш пен тас кесектерін сындырды және басқа да әсерлі күштік өнерлерін паш етті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Шарбақты ауданының өкілі Алтынбек Жұмадиров иеленді. Екінші орынға Екібастұз қаласының батыры Нұрбол Ерболат лайық деп танылса, үшінші орынды Ақтоғай ауданының өкілі Шайқағали Рахымжан еншіледі. Ал бас жүлде, чемпиондық белбеу және «Жігіт сұлтаны» құрметті атағы Екібастұз қаласының тумасы Нұрсұлтан Ахылбекке бұйырды.