Павлодарда ер адамдар арасында түн ортасында жаппай төбелес болды
Төбелес ұйымдастырған тұрғындардың жеке басы анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға Қамзин көшесінде орын алған. Төбелесті куәгерлер ұялы телефонға түсіріп алған. Кейін бейне Telegram арналардың бірінде пайда болды.
Жарияланған кадрларда бір топ жігіттер жол бойында төбелескенін көруге болады. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қоңырау түнгі сағат 1:00-де түскен. 22 жастан 36 жасқа дейін ер адамдар анықталып, полицияға жеткізілді.
– Тексеріс жүргізілуде. Олардың әрқайсысының әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Төбелесте кәмелетке толмағандар болмағаны анықталды, – деді департаментте.
Төбелеске барлығы онға жуық адам қатысқан, олардың жеке басы анықталды.