Павлодарда Гогольдің «Шекпені» адам тағдырын жаңаша көрсетті

Павлодарда Гогольдің «Шекпені» адам тағдырын жаңаша көрсетті
Фото: автор

Спектакльде буллингтің себептері мен салдары бейнеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда «Ертіс-Баян» II республикалық театр фестивалі өтуде. Байқауға Алматыдан мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қатысып, Николас Сабашвилидің режиссерлігімен сахналанған Николай Гогольдің «Шекпен» туындысын көрермен назарына ұсынды.

Қойылымда  балалар мен ересектер арасындағы буллинг, оның себептері мен салдары драмалық және қуыршақ театрының элементтері арқылы ашылды. Әртістер қуыршақтармен қатар өз бейнелері арқылы да өнер көрсетті. Музыкалық сүйемелдеуде скрипка, қобыз, фортепиано және қазақтың дауылпазы қолданылған.

Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының актері Шоқан Құлназаров басты кейіпкер Акакий Акакиевич Башмачкиннің бейнесін сомдайды. Оның айтуынша, Павлодардағы өнер додасына қатысу ұжым үшін ерекше маңызды.

– Бұл – менің оқыған жерім. Өзім Торайғыров университетінде білім алғанмын. Сондықтан Павлодарға, Ертістің жағасына қайта келіп, фестивальге қатысып жатқанымызға өте қуаныштымыз. Театрымыз көптеген театр фестивальдерінде өнер көрсетіп жүр. Десе де, осы өңірге алғаш келуіміз, – деді ол.

Актер бұл кейіпкерді сомдау өзіне де оңай болмағанын атап өтті. Осы күнге дейін ол көбіне өткір мінезді образдарды бейнелеген. Ал «Шекпенде» биязы әрі тұйық Акакий Акакиевичтің болмысын жеткізуге тура келген.

– Бұған дейін буллингке ұшыраған адам немесе өте биязы кейіпкерлердің рөлінде көп ойнаған жоқпын. Бұл жолы маған Акакий Акакиевич Башмачкиннің бейнесі түсті. Осыған дейін «Макбетте», «Ромео мен Джульеттада» Тибальтты және басқа да кейіпкерлерді сомдадым. Сондықтан бұл образ мен үшін жаңа тәжірибе болды, – деді Шоқан Құлназаров.

Грузиялық режиссер Николас Сабашвили спектакльді үш аптаға жуық уақыт бойы әзірлеген. Шетелдік маманмен жұмыс істеу өнерпаздарға жаңа тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік берген.

Сахналық жұмысқа барлығы 18 маман жұмылдырылған. Олардың қатарында екі дыбыс беруші, жарық мамандары, сахна ауыстырушылары және актерлер бар.

Ұжым бұл туындыны фестивальге репертуардағы жаңа жұмыстардың бірі болғандықтан таңдаған. Театр қоржынында «Ана жүрегі», «Ромео мен Джульетта», «Медея», «Макбет» секілді әлемдік классикалық туындылар да бар. Алайда театр турппасы көрерменге соңғы уақытта сахналанған жаңа туындыны көрсетуді жөн санаған.

Айта кетелік, облыс орталығында «Ертіс-Баян» театрлар фестивалі өтіп жатыр.