Павлодарда кітапқұмар қыз «жастар кітап оқымайды» деген пікірді қалай бұзуда?

@Pavlodarnews.kz тілшісі шаһарда ең көп шығармалар оқитын тұрғынмен кездесіп, бұл хоббидің тиімділігі және өңірдегі кітап оқу мәдениеті бағытындағы тақырыптар бойынша сұхбат құрды.
Айдана Боранбаева – облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде журналист болып қызмет етеді. Жұмыстан тыс уақытта кітапханаға барып, жаңа туындылармен танысқанды әдет қылды. Оның сөзінше, ол айына міндетті түрде бір-екі кітап оқыса, жылына бұл көрсеткіш 15 – 20 шығарманы құрайды.
Кітап оқуға қызығушылығыңыз қашан басталды?
– Негізі, кітаптарға деген қызығушылығым бала кезден басталды. Алғашында суреттері көп ертегілерді оқитынмын. Өсе келе тарихи, әлеуметтік бағыттағы туындыларды оқи бастадым.
Ең бірінші оқыған кітабыңыз қандай? Қандай әсер алдыңыз?
– Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы. Төрт томдық күрделі шығарманы оқу 10 жастағы мен үшін қиындау болды. Себебі, шығармадағы оқиғаларды қорыту, оның мазмұнын айту маған күрделірек болды. Кейін араға алты жыл салып қайта оқып шығуға бел будым.
Айдана Боранбаеваның сөзінше, кітап оқу тек әріптерді көзбен шолып, беттерін ақтарып шығу ғана емес, ол – адамның ой-санасын, қиялын, дүниетанымын кеңейтетін рухани әрекет.
Кітап оқу тіл байлығын арттырады дейді. Бұл хобби сізді қалай өзгертті?
– Иә, шынымен тіл байлығын молайтады. Өзім журналистика саласында еңбек етіп келе жатқандықтан, бұл мамандықта кітап оқу басты рөл атқарады. Соның нәтижесінде біз мақалаларды көркемдеп, тартымды етіп бере аламыз. Бұл кез келген журналист үшін өте қажет.
Қандай кітап сізге ерекше әсер етті?
– Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романын ерекше атап өтер едім. Шығармада қазақ қоғамындағы ХХ ғасырдың басындағы өзгерістер, ауылдағы әлеуметтік теңсіздік, еңбекші тұрғындардың ұмтылысы суреттеледі. Ерекше әсер еткен тұстары да бар. Мәселен, шығармадағы басты кейіпкер Ботагөздің замандастары сияқты әділетсіздікке қарсы шығып, жаңа заманға сенетіні, сол үшін күрескені, батыл қадамдарын ерекше атап өтуге болады. Кейіпкер бейнесі арқылы автор халықтың болашағына үміт артып, жаңа дәуірдің келетінін меңзейді.
Спикеріміздің сөзінше, әлеуметтік желілер мен ақпаратты бірден тарататын платформалар мен бағдарламалар дамыған сайын кітап оқу дәстүрі қалып бара жатыр.
– Бұл мәселені шешу үшін алдымен кітаптарды қолжетімді ету керек секілді. Әсіресе, электронды кітаптар мен аудиокітаптардың саны артуы тиіс. Негізі, баланың кітапқа деген қызығушылығы алдымен ата-ананың тәрбиесінен басталуы керек. Егер үйде кітап оқитын орта қалыптасса, ол бала үшін әдетке айналады.
Сіздің өміріңізде кітапхана қандай рөл ойнайды? Қаншалықты жиі ол жерге барып тұрасыз?
– Жалпы, кітапхана – руханият орны ғой. Сондықтан ол жерге жиі барып тұруға тырысамын. Әсіресе, жұмыстан тыс уақыттарда аптасына екі–үш мәрте барып тұрамын.
Әдетте кітапханадан не іздейсіз – жаңа кітаптар, сирек басылымдар немесе тыныштық?
– Жаңа кітаптарды іздеймін. Мәселен, өзім жиі барып отыратын С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасы жаңа кітаптармен үнемі толығып отырады. Әсіресе, жоғарыда атап өткендей тарихи және көркем әдеби кітаптарды іздеймін. Ал кітапхана қызметкерлері іздеген кітабымды бірден тауып береді.
Павлодарда кітап оқу мәдениеті өзгерді ме? Өзгерсе, қандай жаңашылдықтар пайда болды?
– Қоғамда «жастар кітап оқымайды» деген пікір бар. Бірақ бұл – жаңсақ пікір. Өзім жиі кітапханаға баратындықтан, жастарды жиі көремін. Цифрлық дәуірде кітап оқу үрдісі өзгеше сипат алып жатыр. Павлодардағы С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана бүгінде цифрлы орталыққа айналып келеді. Электронды каталогтар, интернетке қосылған оқу залдары, аудиокітаптар мен онлайн қызметтер – бәрі де оқырманға ыңғайлы. Сонымен қатар, әдеби марафондар, кештер жиі ұйымдастырылады. Меніңше, өңірде кітап оқу мәдениеті төмендемей, қайта жаңаша бағытта дамып келеді.
Айта кетейік, С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, шаһар тұрғындарының арасында Абайдың «Қарасөздері», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» және Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» туындылары сұранысқа ие.