Павлодарда кітап сүйер оқымандар арасында ерекше байқау жарияланды

Павлодарда кітап сүйер оқымандар арасында ерекше байқау жарияланды
Суретті түсірген Константин Шелков.

Онлайн байқауға 16 жастан асқан барлық оқырман қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың @toraigyrov_kitapkhanasy ресми парақшасында «Бір кітаптың сыры» атты онлайн байқау бастау алады. Ұйымдастырушылар мұндай шара алғаш рет қолға алынып отырғанын айтады.

- Бұл байқауға 16 жастан асқан кез келген оқырман қатыса алады. Яғни, мамандықта шектеу жоқ. Мектеп оқушысынан бастап, ардагерлерге дейін өз бағын сынап көруге болады. Бұл павлодарлықтар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, кітап сүйерлер арасында өзі оқыған шығарманың қызығымен өзге оқырманмен бөлісу қағидатын қалыптастыруды көздейді, - дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.

Сонымен, байқауға қатысуды ниет етсеңіз мына шарттары орындауыңыз қажет. Яғни, Instagram-дағы @toraigyrov_kitapkhanasy парақшасына жазылу, осы байқау туралы постқа лүпіл басып, сториске бөлісу, пікірге 3 досыңызды белгілеу, қазақ әдебиетінен оқыған бір кітабыңызға қысқаша шолу жасап, видео түсіру

(3-5 минут), түсірілген бейне таспаны ұйымдастырушыларға жолдау. (Telegram-8777-332-52-36 немесе электронды пошта арқылы). Ескерер жайт, сіздің Instagram парақшаңыз ашық болуы тиіс. 

- Біз жеңімпазды бірнеше критерийлар бойынша анықтаймыз. Мәселен, қатысушы жолдаған видео @Toraigyrov_kitapkhanasy парақшасында жарияланады. Шолудың көркемдігілігі, сапасы және жаңашылдығы (креативтілігі) бағаланып, видеоның қаралымы, лүпілдер саны мен пікірлер де назарға алынады, - дейді ол.

Жеңімпаздарды Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығы, Қабдеш Жұмаділовтің 12 томдығы, Дулат Исабековтің 7 томдық жинағы, сонымен қатар, басқа да бағалы кітаптар күтуде. 

Айта кетелік, байқауға қатысуға өтінімдер 5 ақпанға дейін қабылданады.