Павлодарда кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау мәселелері талқыланды

Жиында білім беру кадрларын даярлау, балалардың бос уақытын ұйымдастыру және колледж түлектерін жұмысқа орналастыру қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті.
Облыстық білім беру жүйесінде 20 мыңнан астам ұстаз бен өндірістік оқыту шеберлері жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі жоғары біліктілік санаттарына ие. Биыл мектептер мен колледждерге 329 жас маман келді. Бұл кадрлық әлеуеттің жаңартылуының маңызды көрсеткіші болып табылады.
Оқу үрдісінен бөлек, мектеп оқушыларының сабақтан тыс жұмысы да басты назарда. Жаңа оқу жылында балаларға арналған 5 мыңнан астам түрлі үйірме мен секциялар ашылды. Бұл көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін де қолжетімді спорттық, шығармашылық және зияткерлік бағыттар.
Комиссия отырысында колледж түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі ерекше талқыланды. 2024-2025 оқу жылында облыс бойынша 6631 жас маман колледж бітірсе, оның 4960-ы (75%) жұмысқа орналасқан, бұл жалпы жұмыспен қамту деңгейін 99,6%-ға жеткізген.
Мансап орталықтарымен және жұмыс берушілермен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Биылдың өзінде «Бірінші жұмыс орны» және «Жастар тәжірибесі» жобалары аясында 131 түлек жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, 2500-ден астам студент жұмыспен қамтуға кепілдік беретін кәсіпорындардың нысаналы тапсырысы бойынша білім алуда. Олар өндірістік тәжірибе кезінде 200 мың теңгеге дейін төлем алады, және тәжірибеден кейін әрбір екінші студент сол кәсіпорында жұмысқа қалады.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша, мұғалімдерге қолдау көрсетуден бастап, балалардың сабақтан тыс дамуын және жас мамандардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуге дейінгі кешенді жұмыстардың жүргізіліп жатқаны анықталды. Бұл әр баланың өз мүмкіндіктерін ашып, әр жас маманның өмірден өз орнын табуына ықпал етеді.