Павлодарда көпқабатты үйдің екі пәтерін қара түтін басты

Павлодарда көпқабатты үйдің екі пәтерін қара түтін басты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

30-ға жуық адам эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 шілдеде сағат 11:15-те «112» пультіне «Достық» шағын ауданындағы тұрғын үйдің 9-қабатындағы пәтерде өрт шыққандығы туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына 8 техника, жеке құрамның 29 адамы, оның ішінде апаттар медицина орталығы, жедел құтқару жасағының қызметкерлері жедел түрде шықты.

– Мекенжайға келген қызметкерлер үй заттары, жиһаз жанып, өрттің балконға тарағанын анықтады.  Өрттің жалпы ауданы алты шаршы метрді құрады. Сонымен қатар, 6-қабаттағы балконда 2 шаршы метр аумақта үй заттарының өртенуі тіркелді, – деді департаментте.

Өрт сөндірушілердің үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 11:39-да толығымен жойылды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің себептері анықталуда.

Павлодар облысының ТЖД өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады.