Павлодарда кавказдық қойшы итімен серуендеген тұрғын жазаланды
Ол итінің қауіп төндірмейтінін айтып ақталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қала тұрғыны тұмылдырықсыз үлкен итті серуендетіп, өтіп бара жатқан адамдарды қорқытқан адамға қатысты шаралар қабылдауды сұраған.
– Учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады. Ол кавказдық қойшы иті жуас екенін, ешкімге тиіспейтінін түсіндірді. Үй жануарларын серуендетуді бұзғаны үшін қала тұрғыны жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады департаментте.
Облыста 2024 жылдың басынан бастап 1630 тұрғын мысықтар мен иттерді ұстау ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Ережеге сәйкес иттер мен мысықтарды аулаларда, балалар алаңдарында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің учаскелерінде, мектеп аулаларында, емдеу-профилактикалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, серуендетуге тыйым салынады. Егер жануар кіреберістерде, баспалдақтарда, спорт алаңдарында, ойын алаңдарында, көгалдарда, тротуарларда, саябақтар мен алаңдарда нәжіс қалдырса, оларды иттер мен мысықтардың иесі тазалайды. Сонымен қатар, иелері иттерді қоғамдық орындарда қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз жүруге жол бермеуі керек.