Павлодарда «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп қолданысқа беріледі

Павлодарда «Келешек мектеп» ұлттық жобасы аясында екі жаңа мектеп қолданысқа беріледі
Фото: Константин Шелков

Өңірде «Келешек мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жалпы 1,8 мың оқушыға арналған екі заманауи мектептің құрылысы аяқталып қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оның бірі Павлодар қаласының Достық шағын ауданында орналасқан, екіншісі – №47 мектеп.

Достық шағын ауданында бой көтерген 1200 орындық жаңа жалпы білім беретін мектеп – өңірде аталмыш жоба бойынша салынған алғашқы нысан. Мектеп 48 сыныпқа есептеліп, 0-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық деңгейде білім беруді қамтиды.

Жыл сайын оқушы саны артып келе жатқан Достықта мектеп орындарының жетіспеушілігі өткір мәселе болып отыр. Жаңа нысан бұл мәселені айтарлықтай жеңілдетеді деп күтілуде.

Мектеп заманауи білім стандарттарына сай жабдықталды: жаңа жиһаз, интерактивті тақталар, цифрлық техника орнатылды.

Инфрақұрылым құрамында цифрлық сауаттылық, информатика және робототехника кабинеттері, ағаш және металл өңдеу, тігін және аспаздық шеберханалар, көркем өнер, графика және жобалау кабинеттері, STEM-зертхана, инклюзивті орта элементтері – пандустар, лифт, сахнаға көтерілетін арнайы құрылғылар, тактильді белгілер мен жарық маяктары мен оқушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сәулеттік шешімдер бар.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, Достықтағы мектеп 1 қыркүйекте ашылып, жаңа оқу жылында алғашқы оқушыларын қабылдайды.

№47 мектептің жобасы 2024 жылғы 3 қыркүйекте сараптамадан өтті, ал 9 қыркүйекте құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама берілді. Келісімшартқа сәйкес, нысан 2025 жылдың 30 тамызына дейін толық аяқталмақ.

– Құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Жоспар бойынша, оқу жылының екінші тоқсанынан бастап №47 мектеп оқушыларды қабылдауға дайын болады, – деп атап өтті облыстық білім басқармасында.

«Келешек мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірінде заманауи, қауіпсіз әрі инклюзивті білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған. Павлодар облысындағы жаңа нысандар оқушыларға сапалы білім алуға, шығармашылұық қабілетін дамытуға және заманауи технологиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.