Павлодарда коммуникациядан ажыратылған ғимараттарды онлайн бақылауға болады

Павлодарда коммуникациядан ажыратылған ғимараттарды онлайн бақылауға болады
Фото: Валерий Бугаев

Инженерлік желілердегі апатты көрсететін интерактивті карта әзірленіп, оны іске қосу жұмыстары пысықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша Павлодар қаласының шағын аудандарындағы инженерлік желілердің интерактивті картасын әзірлеу және енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда өңірлік геоақпараттық жүйесінің кезекші картасында «Апаттық-жөндеу жұмыстары» модулінің 1 кезеңі іске асырылды. Модульдің жұмыс принципі апат орын алған немесе жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқан жерлерді жедел көрсету, сондай-ақ, өшіру себептері мен жұмыстардың аяқталу мерзімдері туралы хабарламаларды автоматты түрде жіберу мүмкіндігі болып табылады.

Екінші Павлодар шағын ауданындағы 460 га аумақта орналасқан инженерлік желілер (электрмен және жылумен жабдықтау) бойынша деректерді жинау және жүйелеу бойынша жұмыстар орындалды. Бұл деректердің негізінде апаттық-жөндеу жұмыстары кезінде коммуникациялардан ажыратылған ғимараттарды картада автоматты түрде көрсету процесі әзірленді, сондай-ақ, 1414 СМС-хабарламасы арқылы халықты ақпараттандыру мүмкіндігі іске асырылды.

Малайсары, Нұрмағамбетов, Қамзин және Жібек жолы көшелерінің арасында орналасқан 49 көшенің желілері цифрланды. Сонымен қатар, тұрғын және тұрғын емес ғимараттар цифрланды, электр энергиясын тұтыну бойынша 4308 абонент және жылуды тұтыну бойынша 1368 абонент анықталды.

Жобаны іске асыру электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және кәріз желілерінің өшірілген аймақтарын онлайн режимде тіркеуге мүмкіндік береді және коммуналдық қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.

Таныстырылған жұмыстың қорытындысы бойынша Асайын Байханов жобаны аяқтауды және интерактивті картаның жұмысын жаңа жылу беру маусымы басталғанға дейін іске қосуды тапсырды.