Павлодарда күштік құрылымдар арасында футболдан турнир өтті
Дода барысында үздік ойыншылар анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс орталығындағы «Sport-city» спорт кешенінің базасында күштік құрылым өкілдері арасында футболдан турнир ұйымдастырылды.
Турнир әртүрлі ведомстволардың өкілдерін біріктіріп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және патриоттық тәрбиені дамытуға арналған алаңға айналды.
Турнирді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Сафуан Жампейсов ашты. Қатысушыларды құттықтай отырып, ол барлық ойыншыларға сәттілік пен әділ спорттық бәсеке тіледі.

Ұлттық Гвардия мен Ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бақберді Абраевта аяқдопшыларға әдемі ойын өрнегін көрсетуге тілектестігін білдірді.
- Қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, сондай-ақ командалық рухты да көрсетті. Бұл күштік құрылым қызметкерлеріне тән батылдық пен бірлік дәстүрінің сабақтастығын айқындады, - делінген хабарламада.
Алаңдағы тартысты ойын мен жанкүйерлердің қолдауы нағыз мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Командалық есепте бірінші орынды Павлодар қаласы ПБ командасы иеленсе, екінші орынға Ақсу қаласының ПБ және аудандық полиция бөлімдерінің құрама командасы көтерілді, ал үшінші орынды ПД ардагерлер командасы алды.

Турнир қорытындысы бойынша әртүрлі номинациялар бойынша үздік қызметкерлер марапатталды.
«Үздік ардагер шабуылшы» номинациясында Руслан Қантарбаев жеңімпаз атанды. «Үздік қорғаушы» — Павлодар қаласы ПБ қызметкері Давыд Ефимов, «Үздік қақпашы» — ҰҚКД командасынан Сапар Марғұлан, «Үздік ойыншы» — Павлодар облысы прокуратурасының қызметкері Ғани Қалыбеков болды.
Қылмыспен күреске қосқан үлесі және турнирге қатысқаны үшін Павлодар облысы прокуратурасы, ҰҚКД және ЭТТД командаларына Алғыс хаттар табысталды.