Павлодарда өзге ұлт сарбаздары қазақ тілін қаншалықты жеткі меңгергенін көрсетті

Павлодарда өзге ұлт сарбаздары қазақ тілін қаншалықты жеткі меңгергенін көрсетті
Фото: автор

Естай атындағы мәдениет үйінде «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты байқау өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Оған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жеті әскери бөлімнен іріктеліп алынған жеті қатысушы бақ сынады. Шараның мақсаты – мемлекеттік тілді насихаттап, әскери ортада тіл мәдениетін дамыту. 19-35 жас аралығындағы қатысушылардың басым бөлігі – славян ұлтынан. Олар мәнерлеп оқу, эссе жазу, сахналық қойылым көрсету және еркін сөйлеу бойынша сайысқа түсті.

Шығыс өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Арман Сейітовтің айтуынша, байқау – тек тіл сайысы ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне, дәстүріне деген құрметін көрсететін алаң болды. Бұл қатысушылар арасында әскери салада қызмет атқарып жүргендермен қатар, әскерге енді келген жас сарбаздар да бар.

Мемлекеттік тілді білу – әр азаматтың парызы. Байқауға қатысып отырған жастардың тілімізге, дінімізге деген сыйластығы жоғары. Бұл – рухани бірлік пен патриотизмнің белгісі, – дейді ол.

Жарысқа қатысушы Даниял Сидоров қазақ тілін бала кезінен үйренгенін айтады. 

– Үйде ата-анам да қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтейді. Әскери бөлімде жұмыс істеп жүргеніме үш жыл болды. Қазақ тілін меңгеру – мен үшін мақтаныш, – дейді ол. 

Бұл байқау – тек жарыс қана емес, рухани татулықтың, мемлекеттік тілге деген құрметтің айқын көрінісі. Әскери салада өткізіліп отырған мұндай шаралар – ұлтаралық келісім мен біртұтас елдік сана қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Әмина Жеңіс