Павлодарда Марғұланның мерейтойына орай халықаралық ғылыми конференциясы өтті
Оған шет елдердің ғалымдары қатысуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Марғұлан университетінің қабырғасында Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толуына орай «Марғұлан оқулары-2024» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы басталды. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылыми жобасы аясында ұйымдастырылуда. Конференцияға келген қонақтар алдымен академиктің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойып, ғалымның рухына тағзым жасады. Содан кейін университеттің бас корпусында ҚР Орталық мемлекеттік музейінің «Ғылымның марқасқасы – Марғұлан!» көрмесін тамашалады.
Конференцияның пленарлық отырысы жұмысына офлайн и онлайн форматта еліміздің және шетелдік белгілі ғалымдары, соның ішінде Франция, Польша, Ресей, Белорусь, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан және Армения сынды елдерден қонақтар қатысып, баяндама жасады.
Іс-шараның шымылдығын Марғұлан университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев ашып, барша қатысушыларды маңызды шараның басталуымен құттықтады.
– Бұл конференция – біз үшін аса маңызды әрі мазмұны терең, салиқалы мәжіліс. Өйткені, біз ұлтымыздың ұлы есімдерін еске түсіріп, тағзым ету арқылы өз парызымызды атқарудамыз. Академик Әлкей Марғұлан тарих, археология, этнография, әдебиет, қолданбалы және сәулет өнерi мен металлургия саласы бойынша 300-ден астам ғылыми еңбек, 100-ден аса энциклопедиялық мақала жазған ғалым. Ғылыми еңбектері көптеген шет тiлдерiне де аударылды. Әлкей Марғұлан педагогика бағытында да еңбек жазды, қазақ халқының аңыз-ертегі мен жырларын зерттеп, тұңғыш халық педагогикасының негізін қалады, – деп атап өтті ректор.
Конференция жұмысына Әлкей Марғұланның қызы Дәнел Әлкейқызы, Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы қатысып, барша қатысушыларды ғалымның мерейтойымен және бүгінгі конференцияның ашылуымен құттықтады.