Павлодарда мас күйінде қызды зорлаған ер адам сотталды
Сотта айыпталушы өзінің кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласының № 2 сотында ҚР КК 120-бабының 1-бөлімі «Зорлау» фактісі бойынша қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды. 30 жастағы ер адам сот залында қамауға алынды.
Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен расталады.
Сот ер адам мас күйінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын ауырлататын жағдай деп таныды. Айта кетейік, сот жазаны тағайындау кезінде кінәні жеңілдететін мән-жайларды ескерді: соттылықтың болмауы, тұрғылықты жері бойынша оң сипаттамасы, кішкентай баланың болуы.
– «Қылмыстардың қоғамдық қауіптілік дәрежесін және сотталушының жеке басын ескере отырып, сот ер адамға 5 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу жазасын тағайындады»,– делінді соттың үкімінде.
Сондай-ақ, сотталушы жәбірленушіге мүліктік залал сомасы және моральдік зиянды өтеуі тиіс.
Үкім заңды күшіне енбеді.