Павлодарда мас күйінде қайта рөлге отырған жүргізуші жазаланды

Павлодарда мас күйінде қайта рөлге отырған жүргізуші жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оның куәлігі болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

BMW автокөлігінің жүргізушісі сағат таңғы 5-тің шамасында Бұқар жырау көшесіндегі үйдің ауласынан шығып, көлікке отырды. Полицияның тоқтау туралы дабылын жүргізуші елемей, қозғалысын жалғастырған, алайда көп ұзамай тәртіп сақшылары оны тоқтатты.

– Медициналық сараптама нәтижесі жүргізушінің ағзасында алкоголь барын растады. Айта кетейік, бұл оның рөлге мас күйінде алғаш отыруы емес. Өткен жылдың маусым айында да көлікті мас күйінде басқарғаны үшін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылған болатын. Дегенмен жүргізуші одан сабақ алмағаны және түзелуге ниеті жоқ екені байқалады, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінде.

Ведомство атап өткендей, биылғы жылы 1029 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Олардың ішінде 269 адам бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған. Барлық құқық бұзушылар ел заңнамасы аясында жауапқа тартылды.

Павлодар облысының полициясы азаматтарды мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерді байқаса, дереу хабарлауға шақырады.