Павлодарда медицина қызметкерлеріне жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Қоғам қайраткерлері оларды референдум кезінде белсенділік танытуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда қоғамдық ұйым өкілдері денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесіп, 12 ақпанда таныстырылған жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндірді. Ел Президенті 2026 жылғы 15 наурызға республикалық референдум тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған.

Кездесуде Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобыланбек Қожин құжаттың басты бағыттарына тоқталып, жоба кең қоғамдық талқылаудан өткенін атап өтті. Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобы құрылып, оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері енген. Бірнеше ай ішінде азаматтардан екі мыңнан астам ұсыныс түсіп, олар жан-жақты қаралған.
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай Конституция преамбуласындағы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген жаңа тұжырымға назар аударды. Оның айтуынша, бұл еліміздің тәуелсіздік жылдарында шынайы біртұтас ұлтқа айналғанын көрсетеді.

Кездесу барысында дәрігерлер сұрақтар қойды. Облыстық аурухана директорының орынбасары Шұға Қосымбаева мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері қалай сақталатынын сұрады. Ал дәрігер Асылбек Бижанов мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты сауал жолдады.
- Жаңа Конституцияда қазақ тілінің мәртебесі жалғыз мемлекеттік тіл ретінде нақты бекітілген. Мемлекеттік органдарда қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылады. Сонымен бірге мемлекет еліміздегі барлық этностардың тілдерін дамытуға жауапкершілік алады, — деді Асылбек Туғанбай.
Кездесу соңында Раушан Даумова медицина қызметкерлеріне алғыс білдіріп, алдағы референдумда белсенді болуға шақырды.
Референдум — ел болашағына бейжай қарамайтын әр азаматтың таңдауы. Әрқайсымыз саналы шешім қабылдауымыз керек, деді ол.