Павлодарда мектепте инклюзивті білім беру бойынша семинар өтті

Шара барысында инклюзивті білім берудің түрлі әдістері талқыланып, мұғалімдер тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. Әлімбаев атындағы ЖОББМ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жол картасы» аясында «Инклюзивті білім беру: тәжірибе мен перспективалар» тақырыбында тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды.
– Шараның негізгі мақсаты – білім беру және тәрбие үдерісіндегі инклюзияның әр түрлі қырларын талқылау болды. Семинарға әртүрлі сала мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті, – деді ұйымдастырушылар.
Семинардың практикалық бөлімінде педагогтер инклюзивті әдістерді қолдану, түрлі топтағы оқушылармен жұмыс жүргізу және қарым-қатынастағы кедергілерді жеңу жолдары бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.
Олар келесі тақырыптарды қамтыды: «Дарынды балаларды оқытудағы жасанды интеллект», «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс кезінде ұлттық құндылықтар элементтері бар белсенді оқыту әдістерін қолдану», «Сабақтан тыс уақытты тиімді пайдалану: қосымша білім берудің негізгі аспектілері», «Коррекция және қолдау: ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың үйлесімді дамуына жағдай жасау».
Семинар қатысушыларға инклюзивті білім берудің заманауи әдістерін меңгеруге, тәжірибе алмасуға және оқыту үдерісінде жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік берді.