Павлодарда мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері марапатталды

Шараға 18 жастан асқан түрлі сала мамандары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Байқау облыстық С. Торайғыров атындағы кітапханада Қазақстан халқы тілдері күніне орай және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында өзге этнос өкілдері арасында «Мен қазақша сөйлеймін!» облыстық конкурсы ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерін қолдау, үлгі ету және жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыру. Конкурсқа қатысушы неміс ұлтының өкілі Аида Шаймарданова қазақ тілін бала кезінен меңгергенін айтады.
– Отбасымызда бәріміз қазақша сөйлейміз. Мемлекеттік тілді білу – қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан жастарға айтар тілегім өзге тілді меңгергенімізбен, ең алдымен өз мемлекеттік тілімізді құрметтеп, қазақ тілінде сөйлейік, – деді ол.
Қатысушылар қазақ тілін меңгергенін бейнеролик арқылы көрсетіп, өнері мен дәстүрді дәріптеді. Жұмыстары әлеуметтік желіге жарияланып, лүпіл саны да, тіл меңгеруі мен өнер көрсету деңгейі де ескерілді. Шараға 18 жастан асқан түрлі сала мамандары қатысты.Олар мұғалімдер, дәрігерлер, кәсіпкерлер, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері. Сондай-ақ, қатысушы өзбек ұлтының өкілі, блогер Зева Ергешева өз пікірімен бөлісті.
– Қазақстанда тұрған соң қазақ тілін білу – міндет. Маған қазақша сөйлеу ыңғайлы әрі ұнайды. Instagram мен TikTok-та 56 мың оқырманым бар, барлық контентімді қазақша жүргіземін. Жастарға айтарым – қазақ тілін үйренуден қашпаңыздар, – деді ол.
Қатысушылардың өнері мен тілді еркін меңгеруі – көпұлтты Қазақстан қоғамында қазақ тілінің беделі артып келе жатқанын көрсетеді. Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Май ауданының қатысушысы Аида Шаймарданова, екінші орын Тереңкөл ауданының үміткері Рада Коломина және үшінші орын Екібастұз қаласының қатысушысы Инесса Легкая иеленді. Сондай-ақ, Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтар, дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ, Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтар, дипломдар және алғыс хаттармен марапатталды.