Премьер-Министрдің орынбасары павлодарлықтарға кәсіптік білім алудың пайдасын айтты

Премьер-Министрдің орынбасары павлодарлықтарға кәсіптік білім алудың пайдасын айтты
Фото: Есенжол Исабек

Форум аясында жастар жетістіктері және жасалған жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Кездесуді облыс әкімі Асайын Байханов жастарды құттықтау сөзімен бастады. Оның сөзінше, жас буын ел келешегін, іргетасын қалайды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Бұл – еңбек адамының мәртебесін көтеруге, кәсіптік-техникалық білім беру саласын дамытуға және жастардың нақты еңбекке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған ауқымды бастама, – деді облыс басшысы.

Іс-шараға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын атап өтті.

– Осы алаңда жиналған жастардың бәрі Жұмысшы мамандықтар жылы – керемет болашақтың кішкентай бастамасы ғана екенін дәлелдейді. Мен жастарға сенемін, – деді Ермек Көшербаев.

Жиын барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар өздерінің еңбек жолдарындағы жетістіктері, ұйымдарының атқарған қызметтері туралы қысқаша баяндады. Сондай-ақ кездесу барысында жас буын тарапынан мамандықтарды жақсарту, жұмыстарды оңтайландыру бойынша кеңестер айтылды.

Сөз кезегінде «Amanat» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова ұйымның жұмысшы мамандық жылы аясында атқарылған жұмыстары туралы баяндады.

–Жыл басынан біз облыстарда бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізіп келеміз. Онда кәсіпорындар келіп, кадрларды таңдап, сұхбаттасып, бірден жұмысқа қабылдайды, – деді Ақерке Искандерова.

Ұйым профориентациялық жұмыстарға да басты назар аударуда. Өңірдегі кәсіпорындармен келіссөз жүргізу аясында колледж және мектептегі 9-11-сынып оқушыларына арнайы экскурсиялар ұйымдастырылуда.

– Мұндай шаралар оқушыларға мамандық таңдауда көмектесіп жатыр. Әсіресе, көптеген жастар өз мамандығы бойынша оқуын бітірген соң сол кәсіпорынға жұмысқа орналасады, – деді Жастар қанатының төрағасы.

«Жастар рухы» ұйымы қатарынан үш жыл бойы «Жолдастар сыйлығы» жастар сыйлығын өткізіп келеді. Оның ішінде арнайы «Еңбек адамы» номинациясы бар екенін атап өтті.