Павлодарда мереке күні жас ақындар сөз сайысына түсті
Облыстық оқушылар арасындағы ақындар айтысы Павлодар облыстық «Шаңырақ» орталығының концерт залында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Айтыс суырып-салма ақын Сақау Мәукеұлының 225 жылдық мерейтойына арналды. Жыр бәйгесіне Павлодар облысының қала, аудандарынан барлығы 12 ақын қатысты.
Ақындар екі айналымда сынға түсті. Екінші айналымға алты ақын өтті.
Айтысқа белгілі журналист, «Найзатас» журналының бас редакторы Асыл Әбіш, облысымызға танымал айтыскерлер: Абзал Қабдраш, Мизам Жұмаәлі, Оразбек Саяхат және Мәрес Байрон баға берді.
Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11-сынып оқушысы Нұршапағат Сәулет жеңіп алды.
1-орынды осы мектептің оқушысы Ибрахим Қазбек иеленді. 2-орынды Баянауыл ауданынан Күннұр Солтанбай мен Мейіржан Баршынбай бөлісті. 3-орын жүлдесі гимназияның оқушысы Бейбарыс Рафаилов пен Ақсу ауылдық аймағынан Берікбол Нұрболға бұйырды.
Сондай-ақ айтыс соңында облысымызда ақындарды дайындаған ұстаздарға алғаш рет ақшалай сыйлықтар табысталды. Аталған сыйлықтарға Асығат Тұрғанбек, Жеңісбек Пәзіл және Ернар Құсанов ие болды.
Айтысқа қатысқан және жүлдегер атанған ақындардың барлығына ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Фото: «Шаңырақ» орталығы