Павлодарда мыңнан астам тұрғынға айыппұл салынды

Павлодарда мыңнан астам тұрғынға айыппұл салынды
Фото:ПД баспасөз қызметі

Олар малды қараусыз жіберген деп айыпталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қараусыз жайылған үй жануарларының кесірінен 10 жол-көлік оқиғасы орын алған. 

- Иелерінің немқұрайлылығына байланысты малды қараусыз жаю мәселесі жыл бойы өзекті болып табылады. Халыққа сервистік қызмет көрсету шеңберінде полиция қызметкерлері мал иелерімен түсіндіру жұмыстарын, автожолдарды патрульдеуді тұрақты негізде жүргізеді. Жол-патрульдік полиция батальонының атты әскер взводы жұмыс істейді. Ол саяжайларда қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Учаскелік полиция инспекторлары тұрақты негізде әкімшілік учаскелер бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізеді, - делінген хабарламада.

Ағымдағы жылы жайылымдарда мал ұрлығының 44 фактісі тіркеліп, жалпы саны 695 бас мал ұрланған. Сонымен қатар, облыс аумағында жануарлардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларының 10 фактісі орын алған. 

- Жыл басынан бері малға бақылаудың жоқтығы үшін 1318 тұрғынды жауапқа тартты. Полиция қызметкерлері ветеринария қызметтерімен, сондай-ақ ауыл әкімдерімен бірлесіп облыс аудандарының ауылдық округтерінде малды сәйкестендіру бойынша жұмыстар жүргізуде, - деп толықтырды департаментте.

Айта кетелік, Павлодар қаласының аумағында ірі қара, ұсақ мал және жылқы терісін қабылдау бойынша 20 пункт жұмыс істейді, 14 бейнекамера орнатылған, облыста 94 мал сою пункті бар.

Мәселен, бүгінгі таңда қаңғыбас малды уақытша ұстауға арналған 146 қора жұмыс істейді, оларға 13 мыңнан астам бас мал орналастырылған. 

Ал тиісті құжаттардың болмауы себебінен полиция 386 автокөлік құралын айып тұрағыга жеткізген. Оның ішінде малды тасымалдаған 325 автокөлік құралы одан әрі талқылау үшін ІІО-на жеткізілді.