Павлодарда мысығының үстіне сірке суын төккен тұрғынға айыппұл салынды
Жануар қатты күйік алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 наурыз күні жануарға оның мертігуіне алып келген қатыгездікпен қарау фактісі бойынша қылмыстық теріс қылық бойынша іс қаралды.
Облыс орталығының 28 жастағы тұрғыны отбасымен Ақсудан көшіп келіп, Мүткенов көшесіндегі үйдің үшінші қабатынан пәтер сатып алды.
Оның көршісі зооволонтер болып шықты. Екі отбасы арасында кіреберісте тұратын қаңғыбас мысыққа байланысты жанжал туындай бастады. Айыпталушы иіс пен жүнге шағымданып, оның балалары ауырып жатқанын айтты.
Әйел мысықты кіреберістен шығарып жіберуге тырысты, бірақ ол кетпеді. Павлодарлықтың айтуынша, ол жануарға зиян тигізгісі келмеген.
Тергеу жұмысы бойынша 2023 жылғы 23 қарашада қала тұрғыны ғаламтордан мысықтың үстіне сірке қышқылын құйса, енді ол бұрынғы жеріне оралмайды дегенді оқыған. Осыдан кейін айыпталушының жануарға қатыгездік көрсетуге бағытталған қылмыстық ниеті пайда болған. Ол ойлағанын орындау үшін, асханалық сірке суын алып, кіреберістегі белгісіз тұқымды мысыққа қасақана төккен. Нәтижесінде мысық мертікті.
Әйел бұл әдіске жануарды өз қабатынан сірке суының иісімен қуып жіберу үшін жүгінді.
– Жануар ауыз қуысының шырышты қабығының, сол көздің қабығының және конъюнктиваның шырышты қабығының жарақатын алып, мұрын айнасының, мұрын жолдарының ішкі және сыртқы беттерінің күйігіне шалдықты. Оны емдеумен зооволонтерлер айналысқан, – делінген хабарламада.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, құжаттамалық дәлелдемелермен және мал дәрігерлерінің қорытындысымен дәлелденді.
Айыпталушының жасаған әрекеті қылмыстық теріс қылықтар санатына жатады және баламалы жаза түрлерін көздейді.
Сот қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайларды: кінәсін толық мойындауын, асырауында екі жас балалардың болуын ескере отырып, айыпталушыға 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 86 250 теңге сомасында айыппұл салды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.