Павлодарда монополист заңсыз әрекетпен айналысқан
Тәртіп сақшылары заң бұзушылықтың жолын кесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратура «Павлодар-Водоканал» ЖШС қызметінде тұтынушылардың реттелетін қызметке қол жеткізуін шектейтін табиғи монополиялар саласындағы заңнамада өрескел бұзушылықтар анықтады.
– Атап айтқанда, техникалық шарттар болған жағдайда монополист жаңадан қосылатын әлеуетті және қызметті пайдаланудағы кәсіпкерлерден (абоненттерден) құрылыс жобасын келісуді талап еткен. Олардан суды ағызып, сумен жабдықтау желілеріне қосқаны үшін 60 мың теңгеге дейін негізсіз төлем алынған, – дейді баспасөз қызметі.
Желілерге 133 мың жеке тұлғалар және шамамен 4 мың бюджеттік ұйымдар және басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілер, барлығы 137 мың абонент қосылды.
– Қадағалау актісі бойынша ЖШС-нің заңсыз қызметінің жолы кесіліп, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергі жойылды, сумен жабдықтау желілеріне қосылу тәртібі қолданыстағы заңнамаға сәйкестендірілді, – делінген хабарламада.
Монополист әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 164-бабының 4-бөлігі (табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген міндеттерді тиісінше орындамау) бойынша 6 млн теңге айыппұл төлеумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.