Павлодарда Наум Шафер атындағы ректорлық грант тағайындалды
Инновациялық Еуразия университетінде «Наум Шафер және ХХ–ХХІ ғасырлардағы музыкалық мәдениеттің интеллектуалдық тарихы» атты ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Алқалы жиын әлемдік мәдени және рухани құндылықтардың танымал сақтаушысы, Қазақстандағы жалғыз грампластинкалар музейінің негізін қалаушы, көрнекті гуманист, музыкатанушы, композитор әрі коллекционер Наум Григорьевич Шафердің 95 жылдығына арналды.

Конференцияның негізгі мақсаты – Наум Шафердің музыкатану ғылымының дамуына және музыкалық мұраны сақтау ісіне қосқан үлесін зерделеу, осы салаға қызығушылық танытатын зерттеушілерді, оқытушыларды, музыкатанушылар мен мәдениет қайраткерлерін бір ғылыми алаңға біріктіру.
Жиын барысында ХХ-ХХІ ғасырлардағы музыкалық мәдениеттің интеллектуалдық тарихына қатысты өзекті мәселелер көтерілді. Музыкалық дереккөздерді интерпретациялау, мәдени жадыны сақтау, сондай-ақ Наум Шафердің коллекционерлік және ағартушылық қызметінің маңызы кеңінен талқыланды. Қатысушылар оның ғылыми мұрасының қазіргі заманғы гуманитарлық білім жүйесіне ықпалын атап өтті.

ИнЕУ проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Бейсембаев конференцияның мазмұндық мәніне тоқталып, бұл кездесудің символдық шеңберден әлдеқайда кең екенін жеткізді.
– Бұл жиын – бір тұлғаның тағдыры арқылы ХХ-ХХІ ғасырлар мәдениетінің интеллектуалдық тарихын тереңірек тануға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми алаң, – деді ол.
Сонымен қатар, конференция аясында жас ғалымдар мен студенттерді қолдауға бағытталған маңызды бастама жарияланды. Инновациялық Еуразия университеті ректорының шешімімен Наум Григорьевич Шафер атындағы ректорлық грант тағайындалды.
– Бұл бастама жас ғалымдар мен студенттерді қолдауға, гуманитарлық білімдегі сабақтастықты нығайтуға бағытталған, – деп атап өтті Амангелді Бейсембаев.
Ғылыми жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, журналистер, ЖОО оқытушылары, жалпы білім беретін мектептердің педагогтары, сондай-ақ Наум Шафердің бұрынғы шәкірттері мен әріптестері қатысты. Конференция қонақтары үшін фойеде Шафер үй-музейі қорынан алынған көрме ұйымдастырылды.