Павлодарда «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдануда

Павлодарда «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасына өтініштер қабылдануда
Фото: istockphoto.com/Hispanolistic

Бағдарламаға жұмысшы мамандықтар иелері ғана қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста жұмысшы мамандық иелеріне арналған «Наурыз Жұмыскер» тұрғын үй бағдарламасының жаңа легі басталды. Бағдарлама аймақтағы еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және моноқалалардағы тұрғын үй нарығын дамытуға бағытталған.

Бүгінгі күнге дейін өңір бойынша 176 өтінім мақұлданып, олардың жалпы сомасы төрт миллиард теңгені құрады. Сарапшылардың айтуынша, бағдарламаға деген сұраныс өте жоғары.

– Бағдарламаға ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, тау-кен өндіру, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау, энергия және сумен қамтамасыз ету сияқты өндірістік салаларда еңбек ететін азаматтар қатыса алады. Жоба шарттарында еңбек өтіліне шектеу қойылмаған, сондықтан жаңа жұмысқа орналасқан мамандар да өтінім бере алады, – деді қалалық «Отбасы банк» филиалының баспасөз-қызметінің жетекшісі Мейрам Бағадатов. 

Бағдарлама шарттары бойынша қатысушылар мен олардың отбасы мүшелерінің соңғы бес жылда тұрғын үйі болмауы тиіс. Сондай-ақ, қатысушының мамандығы «hcsbk.kz» сайтында көрсетілген тізімде болуы қажет. Өтінімді «Baspana Market» порталы арқылы онлайн немесе «Отбасы Банк» бөлімшесінде тапсыруға болады. Айта кетейік, бухгалтерлер мен кеңсе қызметкерлері бағдарламаға қатысуға құқылы емес. 

Бастама аясында бірлесіп несие алу тағы бір адамды шақыру мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл отбасы мүшелеріне немесе жақын туыстарға бірігіп баспана алу мүмкіндігін береді. Қазіргі таңда «Наурыз Жұмыскер» бағдарламасының нақты аяқталу мерзімі белгіленбеген, алайда ол барлық қаржы ресурстары толық игерілгенше жалғасады.