Павлодар облысы бюджетті игеру бойынша екінші орында тұр

Павлодар облысы бюджетті игеру бойынша екінші орында тұр
Фото: Константин Шелков

Облыс бюджетіне 2024 жылдың 1 қазанына кірістер 266 миллиард теңге жоспарланып, 270,5 миллиард теңге сомасында түсті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыстық қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов мәлім етті. 

– Жоспар 4,5 миллиард теңгеге асыра орындалған. Жылдық жоспардан кірістер 73,7 пайызға орындалды. Кіріс бөлігінің негізгі асыра орындалуы жеке табыс салығы – 1,8 миллиард теңге, әлеуметтік салық – бір миллиард теңге, сондай-ақ салықтық емес түсімдер бойынша асыра орындалуы 554,9 миллион теңгені құрады, – деді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, аумақтық бөліністе өз кірістерінің жоспарын барлық өңірлер орындады. Өткен жылмен салыстырғанда түсімдердің өсуі 36 миллиард теңгені немесе 115,3 пайызды құрады. Негізінен кірістердің өсуі жеке табыс салығы – 15,3 миллиард теңге, корпоративтік табыс салығы – 8,7 миллиард теңге, әлеуметтік салық – 8,5 миллиард теңге, қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлем екі миллиард теңге бойынша байқалады.

Жоспар бойынша облыс бюджетінің шығыстары – 425,3 миллиард теңге. Оның 423,6 миллиард теңгесі игерілді. 

– Бюджеттің жылдық көлемінің орындалуы 70 пайызды құрады. Бұл ретте, айта кетерлігі, тоғыз ай ішінде игеру бойынша жалпы республикалық рейтингте біздің облыс кезең бойынша да, жыл бойынша да екінші позицияда тұр, – деді Жеңіс Шақатов.

1 қазандағы орындалмау қалдығы 1,6 миллиард теңгені құрады, бұл – республикалық бюджеттен берілетін барлық трансферттер. Жергілікті бюджет қаражаты жүз пайызға игерілген. Игерілмеудің негізгі сомасы құрылыс басқармасына тиесілі. 

Жеңіс Шақатов кірістер бойынша он айдың қорытындысы бойынша күтілетін орындалу облыстың барлық өңірлері бойынша толық көлемде болжанатынын атап өтті.   

Кірістер және шығыстар бойынша көрсеткіштер жақсы деңгейде. Бұл ретте, бюджет қаражатын толық  және тиімді игеруді тапсырамын. Қалалар мен аудандардың әкімдері бюджеттік кіріс бөлімінің орындалуын қамтамасыз етсін. 2024 жылғы 28 қарашаға дейін үкімет резервінен берілген қаражат салалық басқармаларға пайдалану жөніндегі есепті ұсынсын, – деді облыс әкімі Асайын Байханов. 

Сондай-ақ, облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне республикалық бюджеттің игерілмеген қаражатын қайта бөлу бойынша өтінімдерді тиісті министрліктерге жолдауды тапсырды.