Павлодарда отбасылық жанжал полицияның шақыртуымен аяқталды
Жыл басынан бері 2569 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Отбасылық-тұрмыстық жанжалдар – өзекті проблема. Әрбір оқиғаның артында түрлі себептер жатады. Келіспеушіліктер, моральдік қысым, біреудің эмоциясын ұстай алмауы және т.б. Көп жағдайда жанжалдар мен қол көтеру алкогольдік ішімдік ішу салдарынан туындайды.
– Мәселен, павлодарлық әйел отбасылық жанжал кезінде күйеуі оған балағат сөздер айтқанын хабарлаған. Оқиға орнына келген полицейлер ер адамды полиция бөліміне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Балағат сөз айту, қорлайтын түрде тиісу, кемсіту, үйдегі заттарды бүлдіру және отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамдарға құрметсіздік көрсететін басқа да әрекеттер, олардың тыныштығын бұзу сияқты әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке жататын белгілерді қамтымаса, онда ескерту жасауға немесе 20 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.
Құқық қорғау қызметкерлері мұндай жағдайларда ауыр қылмыс жасау ойы өте жақын болатынын атап өтті. Негізгі себеп – түсініспеушілік, агрессия. Сондықтан әркім жанжалдың туындау себептерін жоюға, эмоциясын бақылауға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін алкогольді шамадан тыс тұтынбауға тиіс.