Бөртпелер басқан: Павлодарда денесі шіри бастаған ер адамға көмек көрсетілуде
Еріктілер оның өміріне алаңдаулы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«VITA» ерікті іздеу-құтқару жасағының еріктілері облыс орталығының тұрғыны Владимир Васильев 5 жыл бұрын барлық адамдар сияқты жұмыс істеп, өзін жақсы сезінгенін айтады. Ер адам іріңді ангинамен ауырғаннан кейін, денесінде фурункулдар пайда бола бастады. Олар бүкіл денеге таралып, шіріген.
– Бұлшық еттерді «жейтін», қабығымен жабылған, іріңді, құрттар пайда болатын ашық жаралар мен қатты ауырсыну Владимирдің өмірін тозаққа айналдырды,– деп жазды еріктілер.
Ер адамның жақындары жоқ. Анасын 18 жасында, ал әжесінен жуырда айырылды.
– Ол отырып, жатып, жүре алмайды. Шіріген аяқтарын бүгіп ұйықтауға мәжбүр,– дейді еріктілер.
Облыстық денсаулық сақтау департаментінде аталмыш науқас жайлы хабары бар.
– 2019 жылдың наурыз айынан бастап науқастың арқа терісінде бөртпелер пайда болды.Ол аурудың басталуын фолликулярлық ангинамен байланыстырады. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 2 топтағы мүгедектікте, учаскелік дәрігер мен кардиологтың Д-есебінде тұрады. Дерматовенеролог, эндокринолог, ревматологпен, тұрғылықты жері бойынша дәрігер-терапевт, хирургтың бақылауымен кеңестер өткізілді. Науқасқа әлеуметтік қызметкер тағайындалды,– деді департаментте.
Ер адам бірнеше рет жағдайдың қысқа мерзімді жақсаруымен Успен аудандық ауруханасы мен Ғ.Сұлтанов атындағы Павлодар облыстық ауруханасында амбулаториялық және стационарлық ем алды. Дәрігерлер оны күрделі санитарлық жағдайларға және мамандардың ұсынымдарын толық орындамаумын байланыстырады.
Ағымдағы жылдың қараша айының басында Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың тері-венерологиялық бөлімшесіне қайта жоспарлы емдеуге жатқызу жоспарланған.
«Қазақ тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтының» дерматовенеролог, медицина ғылымдарының докторы, профессор З. Б. Есенғараевамен телемедицина жүргізілді. Телемедицина сессиясын қайта өткізу жоспарлануда. Дерматологтың қарауына келу 2024 жылдың қарашасында белгіленді.
Науқас тұрақты бақылауда, тек жыл басынан бері аудандық ауруханада және Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық ауруханада жеті рет стационарлық емделуге жатқызылды. Патронаж үйде өткізіледі.