Павлодарда ойын-сауық орындарының антирейтингі жарияланды
@Pavlodarnews.kz тілшісі қай кафе мен барлар полицияны жиі шақыртатынын анықтады.
Облыста құқық қорғау органдары «102» арнасы арқылы келіп түскен құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар негізінде ойын-сауық және көңіл көтеру орындарындағы қауіпсіздік деңгейін бағалау критерийлерін зерделеп, мониторинг жүргізді. 2025 жылы полицияға түрлі сипаттағы 687-ден астам шақырту түскен
– Антирейтингке облыс орталығындағы келесі ойын-сауық орындары енді, оларға ең көп шақырту түскен: «Альфа-Т» кафесі – 86, «Джавах» кафесі – 68, «Гудзон» кафесі – 55, «ChechilPub» мейрамханасы – 53, «Ровшан» кафесі – 46, «Celentano» кафесі – 34 және «Аликор» кафесі – 33 шақырту, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Барлығы облыс бойынша ойын-сауық орындарының иелерінің атына құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы полиция тарапынан 62 ұйғарым жолданды.
Мұндай жағдайларда «Заң және тәртіп» қағидаты құқықтық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты сақтаудың маңызды элементі болып табылады. Ол заң бұзғаны үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын айқындайды және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді.