Павлодарда шахматтан «Senat Open» ашық кубогының іріктеу кезеңі басталады

Павлодарда шахматтан «Senat Open» ашық кубогының іріктеу кезеңі басталады
Фото: pexels.com

Үш кезеңнен тұратын турнирге билік органдары, депутаттар мен БАҚ өкілдері қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Екінші жыл қатарынан Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Парламенті Сенатының қолдауымен ерекше шараны ұйымдастыруда. II «Senat Open» ашық кубогының өңірлер бойынша іріктеу кезеңі 22 ақпан мен 18 мамыр аралығында өтеді. Жартылай финал 15 маусым мен 9 тамыз аралығында бес аймақта өтсе, финал 29 тамызда Астанада болады.

– Депутаттар, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесі мен журналистер арасында Сенаттың шағын кубогы қосымша ойнатылады. Финалға жартылай финалдың үздік 35 қатысушысы және ҚР Парламентінің 25 депутаты, республикалық қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғам қайраткерлері қатысады, – деді Қазақстан шахмат федерациясының облыс бойынша филиалында.

Доданың мақсаты – шахматты мемлекеттік қызметкерлер арасында насихаттау және билік органдары мен шахмат қоғамдастығы арасындағы байланысты нығайту.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Парламенті Сенаты аппаратының медальдарымен және дипломдарымен марапатталады. 

Барлық ойындар швейцар жүйесі бойынша 10+5 уақытымен әр кезеңде 9 турдан өтеді.

Еске сала кетейік, былтырғы іріктеу кезеңінде 120 спортшы бақ сынасқан еді. Спортшылар арасында «Ertis Media» ЖШС директоры Руслан Билялов бастаған өкілдер болды. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша 120 қатысушыдан 25 Senat open жартылай финалисті анықталды. Олардың қатарына «Ertis Media» ЖШС аналитика және ақпараттық қауіпсіздік кеңсесінің маманы Ернар Ибраев кірді.