Павлодарда сұлулық салоны студенттерге арналған тәжірибе алаңына айналды

Павлодарда сұлулық салоны студенттерге арналған тәжірибе алаңына айналды
Фото: Руслан Әбішев

Колледж түлегі бүгінде өз кәсібін табысты дамытып қана қоймай, жас мамандардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

29 жастағы Руслан Әбішев сұлулық индустриясында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол Павлодар қызмет көрсету саласы колледжін «Шаштараз-модельер» мамандығы бойынша тәмамдағаннан кейін Усолка шағын ауданында жеке сұлулық салонын ашқан. Қазір бұл салонның есігі кәсіби жолын енді бастап жатқан студенттер үшін де ашық.

Бүгінде мұнда екі колледж студенті өндірістік тәжірибеден өтуде. Ал ұжымдағы төрт шебердің барлығы осы оқу орнының түлектері. Руслан үшін олар – мамандыққа алғашқы қадам жасап жатқан жас мамандар, сондықтан, оларға қолдау көрсету маңызды.

Бір қызығы, бала кезінде Руслан полиция қызметкері болуды армандаған. Тіпті «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алған. Алайда, өмір жолы оны мүлде басқа салаға алып келді.

– Ағаларым Евгений мен Рустам сұлулық индустриясында көп жылдан бері еңбек етіп, мен үшін үлгі болды. Сол себепті олардың жолын жалғастырып, отбасылық кәсіпті дамытуды жөн көрдім. Кейін бізге ініміз Азамат та қосылды. Көптеген шеберлер сияқты мен де қарапайым шаштараздан бастап, біртіндеп өз салонымды ашуға қол жеткіздім. Маман ретінде ғана емес, жұмыс беруші ретінде де дамығым келді, – дейді Руслан.

Бүгінде оның сұлулық салоны студенттер үшін тәжірибеден өтіп қана қоймай, білікті мамандардың жетекшілігімен қызмет көрсетудің қыр-сырын меңгеретін орынға айналған.

– Мемлекет тарапынан жастарға арналған «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бар. Олар жас мамандарға қолдау көрсетеді. Біз өз кезегімізде жұмыс орындарын ұсынып, колледжде алған білімдерін тәжірибеде қолдануға жағдай жасаймыз әрі кәсіби дамуға мүмкіндік береміз, – дейді кәсіпкер.

Русланның пікірінше, Қазақстанда сұлулық индустриясы қарқынды дамып келеді. Сондықтан, жас мамандар үшін өсу мен жетілуге мүмкіндік мол.

– Қоғамымыз ұқыпты әрі сәнді көрінуге ұмтылады. Сондықтан, қызмет көрсету саласындағы бәсекелестік жоғары. Әрбір ұйым қызмет сапасы мен сервисті жақсарту арқылы клиенттерді тартуға тырысады. Бұл ретте студенттердің үлесі зор. Олар үнемі жаңа трендтерді меңгеріп, заман ағымына ілесіп, тың идеялар әкеледі. Мен оларды қолдағым келеді, – дейді шебер.

Русланның айтуынша, әрбір жас маманның өмірінде оған сенім артып, өзін көрсетуге мүмкіндік беретін тәлімгердің болуы маңызды. Кезінде өзі де сондай қолдау көрген, енді сол көмекті жас буынға көрсетуді мақсат етеді.

Жақын уақытта салонда көрсетілетін қызмет түрлері кеңеймек. Мұнда маникюр мен педикюр, визаж және қас әрлеу бағыттары ашылады. Бұл студенттер үшін тәжірибе жинақтауға, білімін жетілдіруге және кәсіби тұрғыда өсуге қосымша мүмкіндік береді.