Павлодарда самокат тепкен әйел бес жасар қызды қағып кетті

Бала аяғын жарақаттап алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 17 маусымда әйел М. Жүсіп көше бойындағы «Затон базары» аялдамасы маңында электр самокатымен жүріп, баланы қағып кетті.
Ол жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бала қағып кеткен әйелге 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
– Жәбірленушілерге материалдық залалды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгіну ұсынылады, – деді департаментте.
Айта кетейік жарақат алған 2020 жылы туған қыз облыстық балалар ауруханасына жүгінген болатын. Оның аяқтары көгерген. Дәрігерлер тексеру кезінде балада мидың шайқалуын анықтаған жоқ. Қыз амбулаториялық бақылауға жіберілді.
Жалпы жыл басынан бері 55 бала облыстық балалар ауруханасына түрлі жарақаттармен жүгінді.