Павлодарда сапасыз азық-түлік сауда сөрелерінен алынды

Павлодарда сапасыз азық-түлік сауда сөрелерінен алынды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Өнімдердің басым бөлігінде таңбалау талаптары бұзылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты заңбұзушылықтар тіркелуде. Жыл басынан бері сауда нүктелерінен 581,5 келі сапасыз және қауіпті тауар айналымнан шығарылды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Ақылбекованың айтуынша, 2026 жылдың өткен кезеңінде бақылау мақсатында сатып алынған 1 394 азық-түлік сынамасы зертханалық тексеруден өткен. Оның 180-інен техникалық регламент талаптарына сәйкессіздік анықталған. Кемшіліктердің басым бөлігі өнімнің таңбалануына қатысты болған.

– Сәйкессіздік анықталған 180 сынаманың 171-інде таңбалау талаптары сақталмаған. Бұл жалпы бұзушылықтардың 95 пайызын құрайды. Атап айтқанда, тауардың мемлекеттік және орыс тілдеріндегі ақпараты, дайындалған күні мен жарамдылық мерзімі көрсетілмеген жағдайлар кездеседі, – деді Гүлнар Ақылбекова.

Зерттеу нәтижесінде талапқа сай емес тауарлар көбіне кондитерлік өнімдер арасынан табылған. Бұл санат бойынша 76 сынамада, алкогольсіз сусындардың 23 сынамасында, ал жемістер, көкөністер мен жидектердің 13 сынамасында кемшіліктер тіркелді.

Сонымен қатар, зертханалық талдау барысында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша бір сынама талапқа сәйкес келмеген. Физикалық-химиялық көрсеткіштерден сегіз үлгіде ауытқу анықталды. Оның ішінде өнімді бұрмалау белгілері мен нитрат мөлшерінің шамадан тыс болуы тіркелген.

Бақылау мақсатында сатып алу кезінде 86 сауда нысанынан заңбұзушылықтар анықталды. Осыған байланысты өнімдерді сатылымнан қайтарып алу және айналымнан алып қою туралы бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 78 қаулысы шығарылды. Олардың орындалуын тексеру үшін 78 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, қосымша кемшіліктер анықталған жоқ.

Бұдан бөлек, бақылау сатып алуларының нәтижесі бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласында 44 тергеп-тексеру жүргізілді. Сапасыз тауарларды сату және айналымға шығару фактілері бойынша тоғыз кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 1 455 756 теңге айыппұл салынды.

Жыл басынан бері облыс тұрғындарынан азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты департаментке және оның аумақтық басқармаларына 51 өтініш түскен.

Ведомство өкілдері сатып алған тауардың сапасына күмән туындаса, шағым қалдыруға болатынын еске салады. Ол үшін өтінішті электронды түрде e-Otinish жүйесі арқылы немесе Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 74/1 мекенжайына жазбаша жолдауға болады. Сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жүгінуге мүмкіндік бар.

Өтінішке сатып алу фактісін растайтын фискалдық чекті, тауардың және оның таңбалануының фото немесе бейнематериалдарын тіркеу ұсынылады.

Айта кетелік, азық-түлік сатып аларда оның құрамына, дайындалған күніне, жарамдылық мерзіміне және қаптамасындағы ақпаратқа назар аудару қажет.