Павлодарда сарбаздар автобуста домбырамен күй тартты

Домбырада ойнаған қатардағы жауынгердің өнері жолаушылардың ыстық ықыласына бөленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық көліктерде жолаушыларды тасымалдау кезінде Ұлттық ұлан сарбаздары домбыра тартып, қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қатардағы жауынгер Айбол Болсынұлы орындаған халық күйлері автобустың ішіне ұлттық рух пен жарасымдылық әкелді.
– Күтпеген оқиға болды. Әскери қызметші домбырада ойнап баршамызды қуантты. «Адай», «Балбырауын» күйлері баршамызды баурап алғандай. Бәріміз сарбаздың күмбірлеген домбырасы тоқтап қалмаса екен, қошемет танытып отырдық, – дейді қала тұрғыны Анар Сәдуақасова.
Айта кетейік, Айбол бала кезінен домбырада ойнап, түрлі халықаралық музыкалық байқауларда жүлде алған. Ұлттық домбыра күні ол үшін ерекше мереке. Қазіргі таңда ол Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерін күзету қызметін атқарып жүр.