Павлодарлық уақытша бейімдеу орталығында орын тапшылығы болуы мүмкін
1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмысқа қарсы күрес бөлігінде заңнама күшейтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаменті, прокуратура өкілдері және облыстағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі қабылдау пункті мен уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына барды. Олар қамауда ұстау жағдайларын және қызметкерлердің сотталғандарды қабылдауға дайындығын тексерді.
Заңнамаға 1 шілдеден бастап енгізілген өзгертулер әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жәбірленушілердің арызынсыз қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін куәгерлердің айғақтары, бейнебақылау камераларының бейнежазбалары жеткілікті болады.
– Шілденің 1 бастап сотталғандар саны арта түсуі мүмкін. Біздің мақсатымыз – бұл мекемелердің әлеуетін, сотталғандарды ұстау жағдайларын зерттеп, үздіксіз бейнебақылау жобасының жүзеге асырылуын көру, – деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Павлодар облысы бойынша өкілі Арсен Жақыпов та ұсыныстар айтты. Ол жазасын өтеп жатқандарға тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу бөлігінде заңнаманың күшейтілуі туралы мәлімдеді.
Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының психиатр-нарколог дәрігері Марат Садвокасовтың айтуынша, мекемеде 28 төсек бар. Мұнда күніне орта есеппен 30-35 адам келеді. Кешкі бестен кейін келгендер таңға дейін түнейді. Заңнамаға енгізілген өзгертулер әлі күшіне енбегенімен, орталық жиі толық болады. Бұл болашақта орын тапшылығына әкелуі ықтимал.