Ақсуда жаяу жүргінші қаза тапты
Аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қазанда Ленин көшесінде ВАЗ-21074 маркалы автокөлікті басқарған жүргізуші Еңбек ауылына қарай жүріп келе жатып, бұрылыста жолдың сол жағымен келе жатқан 58 жастағы ер адамды қағып кеткен.
– Салдарынан жаяу жүргінші алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды. Жүргізуші апат орнынан қашып кеткен. «Ұстау» жоспары енгізілді. Полицейлер жүргізілген іздестіру іс-шаралары нәтижесінде жүргізушіні ұстады. Ол 41 жастағы ауыл тұрғыны болып шықты. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Сараптама тағайындалды. Полиция тексеру жүргізуде, – деді департаментте.
Сондай-ақ сол күні Екібастұз қаласында сағат 22.30-да Абай көшесімен келе жатқан «Lada-21144» автокөлігінің жүргізушісі 27 жастағы жаяу жүргіншіні қағып, жолдың жүріс бөлігін белгісіз жерде кесіп өткен. Салдарынан жарақат алған жаяу жүргінші ауруханаға жатқызылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды.