Павлодарда шағын футболдан облыстық турнир өтті

Павлодарда шағын футболдан облыстық турнир өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Айтулы додаға 20-дан астам команда қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығындағы  «Жұлдыз» стадионында Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты ұйымдар арасында шағын футболдан облыстық турнир өтті. Спорттық дода «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылды.

Алғаш рет өткен турнирді бұқаралық спортты дамыту жөніндегі спорт клубы ұйымдастырды. Жарысқа дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты 23 ведомстволық ұйымның құрама командалары қатысты.

Екі күнге созылған бәсекеде командалар өзара мықтыны анықтап, алаңда шеберлік пен ұйымшылдықтарын көрсетті.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды облыстық спорт басқармасының командасы иеленді. Екінші орын Тереңкөл ауданының, ал үшінші орын Павлодар ауданының командасына бұйырды.

Жарыстың үздік ойыншылары да арнайы аталымдар бойынша марапатталды. «Үздік қақпашы» аталымына Әділ Переписов, «Үздік қорғаушы» атағына Әлихан Қабдрашит, «Үздік шабуылшы» номинациясына Қуаныш Балташев лайық деп танылды. Ал «Үздік ойыншы» атағы Еламан Асылбековке берілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай спорттық шаралар бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және әріптестер арасындағы командалық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.

Қатысушылар келесі жылы футбол алаңында қайта бас қосып, спорттық бәсекені жалғастыруға ниетті.

Фото: Павлодар облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.