Павлодарда шахмат керуені өтеді

Павлодарда шахмат керуені өтеді

Шара аясында турнир ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

24 қыркүйек күні «Ertis Promenade» сахнасында сағат 10:00-де «Шахмат керуені» ұйымдастырылмақ. Іс-шара аясында Қазақстан шахмат федерациясының Павлодар облыстық филиалының ашылуы, гроссмейстермен бір реттік ойын сессиясы және шахмат турнирі өткізіледі. Облыстық кезеңнің жеңімпазы мен жүлдегерлері қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады.

Салтанатты шараға қала әкімшілігі мен Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко қатысады деп жоспарлануда.

Өңірлерде шахмат қозғалысын кеңінен насихаттауға бағытталған «Шахмат керуені» республикалық жобасы бас серіктес Freedom Broker компаниясының қолдауымен жүзеге асып отыр. Керуеннің идеясы саудамен қатар, халықтың мәдени және спорттық мұрасын тасымалдаған Ұлы Жібек жолына негізделген.

Айта кету керек, бұған дейін Көкшетау, Петропавл, Қостанай және Қарағанды қалаларын аралап шыққан керуен 10 қарашаға дейін еліміздің түкпір-түкпіріне сапар шегеді.