«Сөз сыры»: Павлодарда кітапқұмарлар кіммен ой бөлісе алады?
@Pavlodarnews.kz тілшісі түрлі шығарма мен авторлардың еңбектерін талқылау үшін ортақ алаңда жиналатын жандармен сұхбаттасты.
Қалада бірнеше кітап клубы бар. Олар апта немесе ай сайын кездесулерді ұйымдастырады.
«Истоки» және «Сөз сыры»
Мысалы, С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың абонемент секторында екі клуб жұмыс істейді. 10 жылдан аса оқырмандарды біріктіретін «Истоки» музыкалық поэзия клубында 30-ға жуық тұрақты қатысушы бар. Жазғы демалысты есептемегенде, олар ай сайын жүздесіп, ерекше форматтағы кеш ұйымдастырады.
– Облыстың ақындары – Александр Гаммер, Елена Вайберт, Ольга Григорьева және басқа да белді тұлғалар жиналып, бір автордың жинақтар мен туындыларын, өмірбаянына үңіліп, зерттеген мағлұматтармен бөліседі. Ортақ талқыға салынатын ақындардың арасында жергілікті жазушы, қаламгерлер де бар, – деді абонемент секторының меңгерушісі Гүлнар Жұмабаева.
Кітап клубының мүшелері классикалық әдбиетке жанын салған мерейтой иелерін де ұмытпай, қызықты іс-шара өткізеді.
– Александр Пушкиннің, Михаил Лермонтовтың мерейтойларына орай ұйымдастырылған кітап клубының кездесуіне шығармашылық ұжымдар да шақырылды. Олар кітап үзінділерін мәнерлеп оқып, кішігірім қойылым жасайды. Жоғары оқу орындарының студенттері көрермен және тыңдарман ретінде келеді. Кейде олардың саны 90-100-ге дейін жетеді,– деді Гүлнар Жұмабаева.
Оның сөзінше, биылдан бастап кітапханада «Сөз сыры» клубы өз жұмысын бастайды. Оған жергілікті журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Шолпан Байғалы жетекшілік етеді. Ол жастарға шабыт ашып, шығармашылық үдеріс пен шеберлік сыныптарын жүргізеді. Отырыстың нақты қандай жиілікпен өткізілетіні әлі белгісіз. Клубтың алғашқы кездесуі көктемнің басына жоспарланған.
«Кітап пен пирог әуесқойлар клубы»
Қаладағы кітап клубтарын тек кітаппен тығыз жұмыс істейтін адамдар ғана ашпаған. Жеті жылдай музей саласында еңбек еткен, гуманитарлық ғылымдар магистрі Альфия Жайсамбаева облыстық кітапхана базасында «Кітап пен пирог әуесқойлар клубын» ашуға мұрындық болған.
– Клубтың атауындағы екінші сөз тіркесі менің декреттегі ісіме байланысты болғандықтан туды. Сонымен қатар, Мэри-Энн Шаффер мен Энни Берроуздың «Клуб любителей книг и пирогов из картофельных очистков» романынан шабыт алып, осындай атауды таңдадым, – дейді Альфия Жайсамбаева.
Кездесу аптасына бір рет, сенбі күні өтеді. Қазіргі уақытта клубта 33 қатысушы бар. Кітап клубының жетекшісі ақпан айында тағы бірнеше адам қосылғысы келетінін айтады.
– Қатысушылардың жасы – 29 және одан жоғары. Әр қатысушының пікрі айтылып, тыңдалады. Әркім оқу кезінде пайда болған эмоцияларымен, сезімдерімен және ойларымен бөліседі. Пікірлер әртүрлі болуы мүмкін. Біреудің көзі жанып, ынтасы көрінсе, басқа қатысушы келіспеушілікпен, қарама-қарсы ой тұсымен қарайды. Сонысымен де ерекшеленеміз,– деді Альфия Жайсамбаева.
Оның айтуынша, кітап клубының отырыстарында талқылау процесі әрқашан жарқын және қызықты өтеді.
– Әрине, дау мен сынсыз әңгіме болмайды, бірақ біз достық атмосфераны сақтауға және бір-бірімізге қатысты әдепті ұстануға тырысамыз, – деп атап өтті спикер.
Кітап клубы түрлі жанрлар мен бағыттардағы көркем әдебиетті оқиды.
– Оқитын кітапты дауыс беру арқылы таңдаймыз. Төрт қатысушы және мен бесінші болып, есімдерінің бірінші әріптері бойынша кезектілік тәртібімен айдың таңдаулы кітабын ұсынамыз. Чатта барлық бес шығарманың қысқаша сипаттамасын қалдырып, дауыс ашылады. Ең көп дауыс жинаған кітап айдың кітабына айналады, – деді Альфия Жайсамбаева.
Кітапқұмардың пайымдауынша, кітап клубының ең басты пайдасы – оқу мәдениетін танымал ету.
– Қазіргі адамдар сырттан көп ақпарат алады және көбінесе бұл қарапайым, жеңілдетілген мәтін. Күрделі, бірнеше сюжеттік желілер, метафоралардың жиынтығынан жазылған кітапты оқығанда ми жаттығулары болады. Қиялымыз суреттерді, кейіптерді, кейде тіпті иістер мен дыбыстық сүйемелдеуді елестетеді. Кітап клубтары әртүрлі өмір салтын, кәсіпті және дүниетанымды біріктіреді. Олардың бір ортақ және байланыстырушы байланысы бар – әдебиетке деген сүйіспеншілік. Сондай-ақ, бұл – қызықты адамдармен танысуға, қолдауды сезінуге, ой-өрісін кеңейтуге тамаша мүмкіндік, – дейді Альфия Жайсамбаева.
Тоқсанына бір рет кітап клубының мүшелері шығарманы кәсіби талдау үшін филологты талқылауға шақырады.