Павлодарда «Шебер асуы» биігін бағындырғандар марапатталды

Павлодарда «Шебер асуы» биігін бағындырғандар марапатталды
Фото: Валерий Бугаев

Алғаш рет ұйымдастырылған облыс әкімінің арнайы сыйлығы жұмысшы мамандығын серік еткен ең үздік студенттерге табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қалада аймақтың дамуына өз үлесін қосып жүрген колледж студенттерін ұлықтауға арналған «Шебер асуы» сыйлығының қорытындысы салтанатты түрде жарияланды. 

Биыл бұл марапат алғаш рет табысталып отыр және бұл білімімен, еңбегімен, талантымен және табандылығымен кәсіби шеберліктің шегі жоқ екенін дәлелдеген жастарды ынталандыруға бағытталған.

Өңір басшысы Асайын Байханов жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Өздеріңізге белгілі, жұмысшы мамандықтары – ел экономикасының негізі. Бүгін сіздер – үздік студентсіздер, ал ертең – сұранысқа ие маман болып, өңіріміздің тірегіне айналасыздар. Алдағы уақытта да дамып, жаңа мақсаттар қойып, Павлодар облысының атын республикалық және халықаралық деңгейде асқақта бересіздер деп сенемін. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз – Ертістің Павлодар өңірінің болашағының берік іргетасы, – деп атап өтті облыс әкімі.

Марапат иелерінің қатарында есімдері елге танылып үлгерген дарынды жастар да бар. Атап айтсақ, WorldSkills Kazakhstan – 2025 байқауында электромонтаж бойынша алтыннан алқа таққан Максим Сорозидинов, республиканың үздік 100 студентінің бірі Назерке Қайыргелдинова және халықаралық кондитерлік шоуларда бақ сынап, наубайхана ісінің хас шебері атанған Мейрам Асылжан секілді өрендердің еңбегі еленді.

Жалпы, «Шебер асуы» номинациясы бойынша облыс әкімінің біржолғы сыйлығына аймақтағы колледждердің 30 үздік студенті ие болды. Бұл марапат тек қаржылай қолдау ғана емес, сонымен қатар жас мамандардың өз ісіне деген сенімін нығайтып, жаңа белестерді бағындыруға бағытталған үлкен серпін болмақ.